Қазақстандағы ауылшаруашылығын дамытудың заманауи бағыттары

Қазақстан үшін агроөнеркәсіптік кешен саласы – ең маңызды басымдық. Өйткені, жаһандану заманында азық-түліктік қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздікпен қатар қойылса, келешекте ауыл шаруашылығы тығырыққа тірілетін елдің қауіпсіздігіне де қатер болатынын сарапшылар болжайды. Бұл жайында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев былтырғы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында нақты айтып, азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді жаһандық сын-қатерлер қатарына жатқызған болатын. Елбасының айтуынша, әлемдік халық саны өсуінің жоғары қарқыны азық-түлік проблемасын күрт шиеленістіріп отыр. «Бүгіннің өзінде әлемде миллиондаған адам аштыққа ұшырап, миллиардқа жуық адам тағамның ұдайы жетіспеушілігін бастан кешіруде. Тамақ өнімдерін өндіруде революциялық өзгерістер жасамаса, осынау үрейлі цифрлар тек өсе түспек. Ендеше, біз үшін бұл сын-қатер астарында орасан зор мүмкіндіктер бар. Біз қазірдің өзінде астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына ендік. Бізде аса ірі экологиялық таза аумақтар бар және экологиялық таза тағам өнімдерін шығара аламыз. Ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде сапалы секіріс жасау толықтай қолымыздағы нәрсе. Бұл үшін бізге жаңа тұрпаттағы мемлекеттік ой-сана қажет болады», — деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Яғни, агроөнеркәсіп кешенін бүгіннен жаңғырту әлемдік сын-қатерлер арасында Қазақстанға зор мүмкіндік ашпақ.



Назад в блог